Әлімшайқы Сәлімбаев
Шет ауданының Ақжал кентіндегі спорт кешенінде атақты палуан Әлімшайқы Сәлімбаевқа мемориалдық тақта ашылды. Белгілі спортшының өнегелі өмірінен сыр шертетін «Әлімшайқы палуан» атты кітаптың тұсаукуесері өтті. Қазақша күрестен турнир ұйымдастырылып, жас спортшылар жүзден жүйрік шығуға таласты
Бұл күллі Ақжал кентінің тұрғындары асыға күткен сәт. Ақ жамылғы сусып түскенде мұндағы жиналған жұрт ерекше сезімге ерік берді. Себебі Әлімшайқы Сәлімбаевтың қазақша күрес саласына қосқан үлесі ұшаңтеңіз. 1952 жылы Түркіменстанның Ашхабад қаласында өткен спартакиадада жартылай ауыр салмақта чемпиондық тәжін киген. Қазақ баласы талай жерде ел намысын қорғап, Қазақстанның 14 дүркін, Орта Азияның 7 дүркін чемпионы болды. 1982 жылы еліміз бойынша алғашқы болып, «спорт шебері» атағын алған азамат. Шараға жиналған көзкөргендер мен ардақты ағалар елі үшін ер болып туған спортшыны еске алды. Әлімшайқы Сәлімбаев тек күреспен ғана емес, басқа да спорт түрімен жаттыққан. Аса ауыр кірдің 247 келісін бағындыра алған. 3 дәрежелі шахматшы. Тіпті 1949 жылы бүкіл қазақстандық жарыста қол добынан бірінші орынды иеленген. Бұдан бөлек, Балқаш мыс қорыту зауыты мен Ақжал кентіндегі кең байыту фабрикасында қажырлы еңбек еткен. Айта кету керек бұл спорт кешені Әлімшайқы Сәлімбаевтың атында. Мұнда ауылдағы барлық жастар түрлі спортпен шұғылдана алады. Атақты палуан есімімен Ақжал кентінде көше де бар.